ПОДЕЛИТЬСЯ
Әрбір ауру тарихының өзіндік тәртібі бар.
Алдымен анамнез, яғни науқастың бұрын басынан өткерген жағдайы анықталады. Содан кейін диагноз қойылады. Ең соңында ғана ем тағайындалады. Науқастан жағдайын сұрамай тұрып дәрі жазып беретін дәрігер ауруды емес, өзі ойлап тапқан болжамды емдеп жіберуі мүмкін.
Қазақстанның бүкіл денсаулық сақтау жүйесін осындай науқас ретінде елестетсек ше? Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман "Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: ауру тарихы" атты мақалалар топтамасын бастайды. Бүгін ол Tengri Health-ке арналған алғашқы мақаласында жүйенің "анамнезін" жинақтап, Қазақстан медицинасының тарихына шолу жасайды.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін бірнеше рет "емдеуге" тырысты. Тоқсаныншы жылдардағы сақтандыру медицинасы, орталықсыздандыру, ауруханалардың жаппай құрылысы, бірыңғай төлеу жүйесі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі. Әр реформаның өз авторлары, өз дәлелі болды.
1913 жылы қазіргі Қазақстан аумағында небәрі 196 дәрігер жұмыс істеді. Батыс Еуропаның көлеміндей аумаққа екі жүзге де жетпейтін маман қызмет көрсетті. Медициналық көмек негізінен әскери лазареттерде, әкімшілік орталықтарда және қоныс аударушылар мекендерінде ғана қолжетімді болды. Оны сарбаздар, шенеуніктер мен қоныс аударған шаруалар алды. Ал көшпелі халықтың едәуір бөлігі үшін дәрігерге қаралу мүмкін емес еді.
Алғашқы қазақ дәрігерлері Мұхамеджан Қарабаев пен Халел Досмұхамедов індетпен күресті. 1918 жылы Досмұхамедов дала тұрғындарына түсінікті ана тілінде обаға қарсы күрес жөніндегі нұсқаулық шығарды.
Сол кездің өзінде империялар, саяси режимдер мен экономикалық модельдер ауысса да, өзгермей келе жатқан бір ерекшелік байқалды. Қазақстандағы медицина жүйесі әуел бастан орталықтан басқарылып, жоғарыдан қалыптасты. Алдымен санитарлық шаралар қолға алынып, әкімшілік шешімдер қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. Ал халыққа тікелей медициналық көмек көрсететін дәрігерлер кейін пайда болды.
Революциядан кейін Кеңес өкіметі денсаулық сақтау тарихындағы ең ауқымды тәжірибелердің бірін қолға алды. Ол кезде Еуропада Бисмарк құрған неміс аурухана кассалары мен медициналық сақтандырудың түрлі үлгісі жұмыс істеп тұрған еді.
Соғыстан күйреген әрі індет жайлаған ел үшін бұл идеологиялық таңдаудан гөрі аман қалу мәселесі еді. Аз ғана жыл ішінде санитарлық қызмет құрып, миллиондаған адамға вакцина егу, дәрігерлер даярлау және бұрын-соңды болмаған жерлерде ауруханалар ашу қажет болды.
Қазақстанда жаңа жүйе көп ұзамай нәтиже бере бастады. Өлкелік санитарлық-бактериологиялық институт шешекке қарсы вакцинаның миллиондаған дозасын өндірді, ауылдарға әйгілі "Қызыл отаулар" жіберілді, ал 1930 жылы Алматыда алғашқы медициналық институт ашылды. Медицина алғаш рет жаппай сипатқа ие болды.
Алайда бұл тарихтың тағы бір қайғылы қыры бар. Денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға кіріскен мемлекет сол кезеңде миллиондаған адамның өмірін қиған шешімдер де қабылдады. Тарихшылардың дерегінше, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық шамамен бір жарым миллион адамның өмірін жалмаған.
Ал қуғын-сүргін қазақ зиялыларын, соның ішінде жаңа медицинаның негізін қалаған тұлғаларды да жалмады. Медицина институтының алғашқы директоры Санжар Асфендияров 1938 жылы атылды. Халел Досмұхамедов 1939 жылы түрмеде көз жұмды. Осылайша, медицина жүйесі қалыптасып, нығайып жатқан тұста оның дамуына үлес қосқан азаматтардан айырылып жатты.
Соғыстан кейін кеңестік медицина орталықтандырылған жүйелердің басты артықшылығын көрсетті, ол - жаппай міндеттерді шешу үшін мол ресурсты жұмылдыра білу.
Безгек толық дерлік жойылды, туберкулезге шалдығу деңгейі күрт төмендеді, вакцинация халықтың басым бөлігін қамтыды. 1960 жылдардың басында Кеңес Одағындағы өмір сүру ұзақтығы Батыс елдерінің көрсеткіштеріне жетті.
Алайда дәл осы кезеңде арада ондаған жыл өткен соң қазіргі Қазақстанға да етене таныс болатын мәселелер бой көрсете бастады.
Денсаулық сақтау жүйесі негізінен ауруханадағы төсек-орын санына, медициналық мекемелер мен штаттағы қызметкерлер санына қарай қаржыландырылды. Сондықтан аурухана үшін төсек-орын санын көбейтіп, оларды үнемі науқастармен толтырып отыру тиімді еді.
Ал аурулардың сипаты өзгеріп жатты. Жаппай таралған жұқпалы аурулардың орнын инфаркт, инсульт, қатерлі ісік пен диабет басты. Енді олармен күресу үшін аурухана салу жеткіліксіз еді. Адамның денсаулығын жылдар бойы бақылап, қан қысымын өлшеп, қандағы қант пен холестерин деңгейін қадағалау, темекіден бас тартуға көмектесу, тамақтану тәртібін өзгерту және асқыну пайда болмай тұрып ауруды анықтау қажет болды.
Індеттерді жеңу үшін құрылған жүйе енді созылмалы аурулардың алдын алуды үйренуге тиіс еді. Бұл өзгеріс ең қиын міндеттердің біріне айналды.
Соған қарамастан бір кездері денсаулық сақтау саласына мүлде басқа көзқарас ұсынған ел Қазақстан болды. 1978 жылы қыркүйекте Алматыға (ол кезде Алма-Ата) 134 мемлекеттің делегациясы келді. Қонақтарға ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттер, аудандық ауруханалар мен санитарлық авиация көрсетілді. Бұл жүйе ұлан-ғайыр аумақта тұратын халыққа медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталды.
1971 жылдан 1982 жылға дейін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігін басқарған әкем, академик Төрегелді Шарманов осы конференцияның басты ұйымдастырушыларының бірі болды. Оның тұсында фельдшерлік-акушерлік пункттер, ауылдық амбулаториялар, аудандық және облыстық ауруханалар желісі құрылып, соның арқасында медициналық көмек ең шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін қолжетімді бола бастады.
Алғашқы медициналық көмекті денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы деп жариялады. Бірақ қаржы бұрынғыдай аурухана ғимараттары мен төсек-орындарға бөлінді.
1991 жылға қарай Қазақстанда 1 805 аурухана және 230 мыңға жуық төсек-орын болды.
Дәрігерлер саны бойынша Кеңес Одағы АҚШ, ГФР және Франциядан озып кетті. Ауқымы таңғалдырғанымен, нәтиже ресурстардың көлеміне сәйкес келмей бара жатты. 1960 жылы КСРО-да өмір сүру ұзақтығы шамамен 69,5 жас болса, 1990 жылы 69,3 жас болды. Дәрігерлер мен ауруханалар көптігіне қарамастан, отыз жыл бойы алға ілгерілеу болмады.
КСРО ыдырағаннан кейін Семашко жүйесі өзі мүлдем бейімделмеген жағдайға тап болды: мемлекет оны бұдан былай толық қаржыландыра алмады. 1992 жылы Қазақстанда инфляция 3 000 пайыздан асты. Ауруханаларда дәрі-дәрмек пен шығын материалдары тапшы екені сезілді. Науқастарға туыстары шприц, антибиотик және төсек-орындарын өздері тасуға мәжбүр болды.
Өзім үйлестіруші болған 1995 жылғы жалпыұлттық зерттеу нәтижесі әйелдердің 49 пайызында, үш жасқа дейінгі балалардың 69 пайызында анемия барын анықтады. Туберкулезбен ауыру көрсеткіші ол кезде үш есеге жуық өсті. Ел медицинаны қаржыландырудың жаңа жолын іздеді.
Осылайша, 1996 жылы алғашқы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) пайда болды. Идея қисынды көрінді: бюджет денсаулық сақтау саласын жалғыз өзі асырай алмаса, қаражаттың бір бөлігі сақтандыру жарналары арқылы түсуге тиіс. Бірақ экономика бұған дайын емес еді. Кәсіпорындар жалақы мен төлемдерді кешіктірді, жергілікті бюджеттер жұмыс істемейтін азаматтар үшін міндетін орындамады, ал жаңа сақтандыру жүйесі ескі бюджетпен қатар өмір сүрді.
Кейін қаражатты жымқыруға қатысты дау туындады. 1998 жылы қор басшысы елден кетіп, оған іздеу жарияланды. Қор жабылды, бірақ оның зардаптары әлдеқайда ұзаққа созылды. Халықтың санасында "медициналық сақтандыру - ақша жоғалатын жер" деген түсінік жылдар бойы қалыптасып қалды.
2000 жылдары Қазақстанда ресурстар пайда болып, ел оларды медициналық қаражатты бағыттауға әдеттенген салаға - инфрақұрылымға жұмсауды жөн көрді. Жаңа ауруханалар салынды, кардиохирургия дамыды, жаңа елордада заманауи медициналық орталықтар құрылып, кеңестік дәрігерлердің арманындағы жабдықтар сатып алынды.
Нәтиже айтарлықтай болды. 2000-нан 2019 жылға дейін жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 40 пайыздан аса көрсеткішке төмендеді. Қазақстан күрделі медициналық технологияларды меңгерді. 2008 жылы Ұлттық медициналық холдингті басқарып жүргенімде ауруханалардағы сапа мен қауіпсіздікке қатаң талаптар қоятын халықаралық JCI аккредитациясын енгізуді ұсындым. Кейін оны бірнеше қазақстандық клиника алды.
Формалды түрде медицина тегін болып қала берді. Оның қатарында біртіндеп ақылы медицина саласы қалыптасты.
Сақтандыру жүйесіне екінші талпыныс әлдеқайда сақтықпен дайындалды. Заң 2015 жылы қабылданды, жарналар 2017 жылы жинала бастады, ал МӘМС арқылы медициналық көмекті толыққанды қаржыландыру 2020 жылы 1 қаңтарда басталды.
Алайда он аптадан кейін әлем өзгеріп кетті.
COVID-19 қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі үшін кейінгі онжылдықтардағы ең үлкен сынақ болды. Санаулы апта ішінде инфекциялық ауруханалар ашылып, модульдік ауруханалар салынды, құрал-жабдықтар сатып алынды. Дәрігерлер мен медбикелер көп жұмыс істеді.
Дәл жүз жыл бұрынғыдай: медицина аурудың алдын алуға қарағанда, төтенше жағдайда тиімдірек екенін көрсетті.
Бүгінде денсаулық сақтауды қаржыландыру МӘМС енгізілгенге дейінгі кезеңнен әлдеқайда жоғары. Жүйе арқылы триллиондаған теңге өтіп жатыр. Бұл оның қаржылық мүмкіндігін түбегейлі өзгертті. Бірақ бюджеттің өсуі негізгі сұраққа жауап бермейді: бұл ақшаға нақты не сатып алып жатырмыз?
Бұл тек медицинаға тән құбылыс емес. Кез келген жүйе уақыт өте келе өзі үшін сыйақы берілетін істі барынша жақсы атқаруға бейімделеді.
Осы тарихтан бес ой түйемін:
Біріншіден, қазақстандық медицина әрқашан жоғарыдан төмен қарай құрылды. Бұл ресурстарды тез жұмылдыруға мүмкіндік береді, бірақ жүйені әкімшілік шешімдерге тәуелді етеді.
Екіншіден, қаржы тапшылығы Кеңес Одағынан кейін де сақталды: халыққа берілген уәделер ондаған жыл бойы жүйенің қаржылық мүмкіндігінен көп болды.
Үшіншіден, ауруханалар алғашқы медициналық көмектен жиі басым түсті. Жаңа ғимарат салу саяси тұрғыдан әлдеқайда көзге түседі. Ал миллион адамның қан қысымын тұрақты бақылауда ұстау үшін жүйелі жұмыс қажет.
Төртіншіден, ірі өзгерістер апаттардан кейін басталды: эпидемиялар, экономикалық құлдырау, алғашқы сақтандыру жүйесі күйреуі, пандемия. Жүйе дағдарысқа жауап қатуға дағдыланған, ал заманауи медицинаның міндеті - оның алдын алу.
Сонымен соңғы, бесінші түйін: сенім - денсаулық сақтау саласы үшін ақша, дәрігерлер мен дәрі-дәрмек сияқты маңызды ресурс. Оны бір жалған қызметпен, бір жасырын цифрмен немесе бір орындалмаған уәдемен жоғалтып алуға болады. Ал оны қалпына келтіруге жылдар қажет.
Бір ғасыр ішінде Қазақстан керемет жолдан өтті: ұлан-ғайыр даладағы 196 дәрігерден бастап ең күрделі оталарды жасай алатын жоғары технологиялық клиникаларға дейін жетті. Көптеген инфекцияны жеңдік, ұлттық медицина мектебін құрдық, ауруханалар желісін салдық және әлемге Алматы декларациясын сыйладық.
Бірақ бүгінде міндет өзгерді: енді денсаулық сақтау жүйесі болуы жеткіліксіз. Ол тек медициналық қызмет көрсетіп қоймай, адамдардың денсаулығын нығайтуға да атсалысуы керек.
Мұны қалай жүзеге асыруға болатынын түсіну үшін бір ғасырға жуық уақыт бойы керісінше бағытта дамыған елдің тәжірибесіне көз жүгірткен жөн. Қазақстан медицина саласындағы бұрыннан қалыптасқан жалпыға қолжетімділік қағидатын сақтап, нарықтық тетіктерді енгізуге тырысса, АҚШ ондаған жыл бойы медициналық нарыққа баршаға бірдей қолжетімділік қағидатын енгізуге күш салып келеді.
Америка денсаулық сақтау саласына бізбен салыстырғанда әлдеқайда көп қаржы жұмсайды. Бірақ бұл америкалық науқас өзін қауіпсіз сезінеді дегенді білдіре ме?
Бұл сұрақтың жауабы қызық. Бұл туралы "Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: ауру тарихы" атты мақалалар топтамасының келесі санында баяндалады.
Редакция пікірі автордың көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.