Медицина ғылымы тығырыққа тірелді ме, неліктен Қазақстан зерттеу жүйесін өзгертуі қажет?

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Медицина тарихындағы ең үлкен ғылыми төңкерістердің бірі жүріп жатыр. Жасанды интеллект геномды зерттеуге, дәрі-дәрмек жасауға және ауруларды ерте анықтауға көмектеседі. Ал ген терапиясы бұрын емі табылмаған ауруларды емдеуге жол ашты.

Алайда осы жетістіктердің тасасында бір қайшылық бар: медициналық зерттеулер жүйесі әлі де өткен ғасырдың қағидаларына сүйенеді. Жаңа дәрі жасауға жылдар кетеді әрі қыруар қаржы қажет. Жас ғалымдарға зерттеуге қаражат табу қиын, ал болашағы зор ғылыми жаңалықтардың науқастарға пайдасы тигенше көп уақыт өтеді.

Қазақстан әлемнің 17 елімен бірге ғылымның жаңа алтын дәуіріне арналған Kyoto Vision for a Golden Age of Science халықаралық бастамасына қосылды. Бұл бастама ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарап, медицинадағы жаңалықтар халық игілігіне тезірек жарауы үшін не істеу керек екенін ойлануға түрткі болды.

Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман TengriHealth порталындағы авторлық мақалалар тізбегінің келесі санында осы мәселе төңірегінде ой қозғайды.

Медицина қарыштап дамып келеді. Ал ғылым жүйесі бұл қарқынға ілесе ала ма?

Қыркүйек пен қазанда АҚШ-тың көптеген қаласын аралап, ғалымдармен, дәрігерлермен және ғылыми-зерттеу орталықтарының басшыларымен кездестім. Онкология, диабет, семіздік, аутизм, жүйке жүйесінің дегенератив аурулары, жасанды интеллект пен биотехнология мәселелерін талқыладық. Әңгімеміздің бәрі дерлік бір сұраққа келіп тірелді: қазіргі биомедицина ғылымы қаншалық тиімді ұйымдастырылған?

Кейінгі онжылдықтарда медицина бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті.

Иммунотерапия қатерлі ісікті емдеу тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Қазір ғалымдар иммун жүйесіне ісік жасушаларын танып, оларды жоюды үйрететін, әр науқасқа жеке бейімделген мРНҚ вакциналарын әзірлеп жатыр.

Геномды редакциялау тұқым қуалайтын ауруларды емдеуге жол ашты. Ал семіздік пен диабетке қарсы жаңа буын дәрілері зат алмасуды реттеу мүмкіндігі туралы түсінігімізді жаңа деңгейге көтерді.

Бірақ ғылыми жаңалық ашылған сәттен бастап оны медицинада қолданғанға дейін әлі де ұзақ жолдан өту керек. Болашағы зор мыңдаған молекула дәріге айналмай қалады. Клиникалық зерттеулерге орасан зор ресурс қажет. Ғалымдар грантқа өтініш дайындауға айлап уақытын жұмсайды, ал медициналық ұйымдардың көбінде заманауи технологиялар қолжетімсіз.

Осылайша, қайшылық туындайды: XXI ғасырдың биомедицина технологиялары көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанымен, ғылымды ұйымдастыру тетіктері көбіне XX ғасыр деңгейінде қалып отыр.

Жаңа дәрілерді жасау неге ұзаққа созылады?

Бір ғалым Альцгеймер ауруының даму тетіктерінің біріне әсер ете алатын молекула тапты деп елестетейік.

Енді ол өз болжамын дәлелдеп, зертханалық және клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізуі, қауіпсіздігін бағалап, содан кейін клиникалық сынақтарды ұйымдастыруы керек. Әр кезеңге қаражат, құрал-жабдық, білікті мамандар қажет. Оның үстіне қатаң талаптарды сақтау міндетті.

Әрине, мұның бәрі қажет. Өйткені медицина адамдарға жауапсыз тәжірибе жасауға жол бермейді. Дегенмен ғылыми негізделген қауіпсіздік тексерістері мен зерттеу сапасын жақсартпай, тек уақыт алатын әкімшілік рәсімдердің арасы жер мен көктей.

Әсіресе, жас ғалымдарға қиын. Ірі грант алу үшін олардың ғылыми материалдары, алдын ала зерттеу нәтижелері және ғылыми ортада беделі болуы керек. Бірақ мұндай нәтижеге жету үшін алдымен қаржы қажет.

Осылайша, тұйық шеңбер пайда болады: қаражат көбіне жетістігін дәлелдеп үлгерген ғалымдарға беріледі де, тың идеялар қолдаусыз қалады. АҚШ-тың Ұлттық денсаулық институттары (NIH) жүйесінде 65 жастан асқан зерттеушілер 35 жасқа толмаған ғалымдарға қарағанда көбірек грант алады.

Медицинада мұндай баяулықтың салдары ауыр. Өйткені болашағы зор зерттеулер кешеуілдеуінен тиімді емді күтіп жүрген науқастар зардап шегуі мүмкін.

ARPA-H: қаржыны зерттеу процесіне емес, медицинадағы тың жаңалықтарға бөлу

Мен үшін ең қызық кездесулердің бірі АҚШ-тың денсаулық сақтау саласындағы озық зерттеулер агенттігі - ARPA-H өкілдерімен жүздесу болды.

Анықтама: Advanced Research Projects Agency for Health (ARPA-H) - денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерді қаржыландыратын АҚШ-тың мемлекеттік агенттігі. Ол нәтижесі алдын ала кепілдендірілмеген аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша ауқымды жобаларды қолдайды.

Агенттіктің жұмыс тәсілі дәстүрлі грант жүйесінен өзгеше. Әдеттегі жүйеде ғалым зерттеу тақырыбын ұсынып, қаржы алады да, бірнеше жылдан кейін нәтижесін көрсетеді. Ал ARPA-H алдымен медицинадағы маңызды мәселені анықтайды.

Қатерлі ісікті алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтауға бола ма? Зақымданған тіндерді қалпына келтірудің жаңа әдістерін жасау мүмкін бе? Күрделі диагностикалық тексерістерді шағын медициналық мекемелерге қолжетімді ету үшін не істеу керек?

Осындай мәселелерді шешу үшін биологтар, дәрігерлер, инженерлер, жасанды интеллект мамандары мен кәсіпкерлер бірігеді. Олар нақты мақсат қойып, жұмыс мерзімі мен нәтижені бағалау өлшемдерін белгілейді. Тиімсіз тәсілдерді қаржыландыру тоқтатылады, ал болашағы зор жобаларға дамуын жеделдету үшін қосымша қаражат бөлінеді.

Бұл - іргелі ғылымды алмастыру емес, оны толықтыру тәсілі. Іргелі зерттеулер жаңа білім қалыптастырса, озық технологияларға арналған бағдарламалар сол білімді медицинада тезірек қолдануға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін мұндай тәсіл биомедицинаның басым бағыттарында елеулі жетістіктерге жетуге негіз бола алады:

  • қатерлі ісікті ерте анықтау және әр науқастың ерекшелігіне қарай емдеу, соның ішінде иммунотерапияны дамыту;

  • жүрек-қан тамырлары ауруларының, диабеттің, семіздіктің және зат алмасудың басқа да бұзылыстарының алдын алу;

  • тұқым қуалайтын және сирек кездесетін ауруларды анықтау, емдеу үшін геномдық медицинаны дамыту;

  • репродуктивті медицина және ана мен бала денсаулығын қорғау;

  • аутизмі және жүйке жүйесінің дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға ерте диагноз қою, оңалту және қолдау көрсетудің жаңа әдістерін әзірлеу.

Не маңыздырақ: ғылыми мақалалар ма әлде науқастардың денсаулығы ма?

Бүгінде ғалымның жетістігі көбіне жариялаған мақалаларының саны, еңбектеріне жасалған сілтемелер көрсеткіші және алған гранттарының көлемі арқылы бағаланады. Бұл көрсеткіштер маңызды, өйткені олар ғалымның белсенділігі мен еңбегі ғылыми ортада мойындалғанын көрсетеді.

Алайда қолданбалы медицина ғылымында бұдан да маңызды сұрақ бар: ғылыми зерттеулер науқастардың өміріне қандай өзгеріс әкелді?

Екі ұжымды мысалға алайық. Біріншісі ондаған мақала жариялады, бірақ зерттеу нәтижелері әзірге іс жүзінде қолданылған жоқ. Екіншісі диабеттің алдын алу бағдарламасын әзірлеп, оның тиімділігін тексерді. Бағдарлама жақсы нәтиже көрсетіп, медициналық мекемелерде қолданыла бастады. Соның арқасында мыңдаған адам ауруға шалдығу қаупін азайтты.

Олардың жетістіктерін қалай бағалауға болады?

Әрине, іргелі ғылымнан бірден нәтиже күтудің қажеті жоқ. Кейбір жаңалықтардың пайдасы ондаған жылдан кейін ғана тиеді. Бірақ қолданбалы зерттеулерді бағалағанда диагностика қаншалық жақсарғанын, қанша асқынудың алдын алғанын, адамдардың өмір сапасы мен өмір сүру ұзақтығына қалай әсер еткенін де ескеру қажет.

Оның үстіне жаңа технологияны медицинаға енгізу жеткіліксіз. Оның емдеу нәтижесін шынымен жақсартатынын, қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдеу керек.

Диагностикада жасанды интеллектіні қолданудың өзі жетістік емес. Ол дәрігерлерге ауруларды дәлірек анықтауға және ғылыми негізделген шешім қабылдауға көмектескенде ғана шын мәнінде пайдалы.

Метағылым: ғылымның өз тиімділігін неге тексермейміз?

Медицинада дәрі-дәрмектің тиімділігі дәлелденуі керек. Ендеше, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жүйесіне неге дәл осындай талап қоймаймыз?

Көп беттік өтініштер, шынында да, үздік жобаларды таңдауға көмектесе ме? Ұзаққа созылатын сараптама сапалы іріктеуге кепіл бола ала ма? Ғылыми мақалалар мен ғалымның беделі ол болашақта қандай жаңалық ашатынын қаншалық дәл болжай алады?

Осы сұрақтарға метағылым (metascience) жауап іздейді. Бұл бағыт ғылымның өз тиімділігін зерттейді.

Анықтама: Метағылым - ғылым қалай құрылғанын және жұмыс істейтінін зерттеу. Ол ғалымдар зерттеулерді қалай жүргізетінін, қаржыны қалай алатынын, нәтижелерді қалай жариялайтынын және бір-бірінің тұжырымдарын қалай тексеретінін зерттейді. Мысалы, метағылым мамандары кейбір зерттеулердің нәтижесін неге қайталау мүмкін болмайтынын және грант бөлудің қандай тәсілдері сапалы ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетінін анықтайды.

Қазақстан жас зерттеушілерді қолдауға арналған екі бағдарламаны іске қосты делік. Біріншісінде грант берудің дәстүрлі тәртібі сақталады. Екіншісінде ғалымдар өз болжамын қысқаша баяндап, тәуелсіз сараптамадан өтетін жеделдетілген конкурс ұйымдастырылады.

Бірнеше жылдан кейін қанша жоба жүзеге асқанын, ғалымдар қандай нәтижеге жеткенін және олардың қаншасы ғылыми қызметін жалғастырғанын салыстыруға болады.

Мұндай тәсіл ғылыми саясатты әкімшілік дағдыларға емес, дәлелдерге сүйене отырып жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ғылыми зерттеу жүйесі салыстырмалы түрде шағын Қазақстан үшін осындай тәжірибелердің келешегі зор.

Жасанды интеллект медицинадағы ғылыми зерттеулерге жаңа серпін берді

Ондаған жыл бойы ғылыми зерттеулер белгілі бір ретпен жүргізілді: алдымен болжам жасалады, содан кейін тәжірибе өткізіліп, нәтижесі талданады, ғылыми мақала жарияланады. Одан кейін жаңа болжам ұсынылады.

Қазір жасанды интеллект осы кезеңдердің көбін едәуір жылдамдатты.

Алгоритмдер геномдық дерек пен медициналық кескіндерді талдайды, ақуыздардың құрылымын болжайды және дәрі жасауға жарамды молекулаларды табуға көмектеседі.

Әсіресе, геномика, протеомика, метаболомика, фудомика және микробиомды зерттеу бағыттарын біріктіру үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Анықтама: Геномика ДНҚ-ны және ағзаның тұқым қуалайтын ақпаратын, протеомика ақуыздар мен олардың қызметін, ал метаболомика зат алмасуға қатысатын заттарды зерттейді. Микробиомды зерттеу ағзаның ішінде және оның сыртқы бетінде тіршілік ететін микроағзалар мен олардың денсаулыққа әсерін қарастырады. Осы бағыттарды біріктіру аурулардың себептерін тереңірек түсінуге, оларды анықтау мен емдеудің жаңа жолдарын табуға көмектеседі.

Мысалы, қатерлі ісік кезінде молекулалық диагностика ісіктің генетикалық ерекшеліктерін және оған тән мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект осы деректі талдап, қандай генетикалық өзгерістер иммун жүйесінің қатерлі ісікке қарсы күшті жауап беруіне ықпал ететінін болжауға көмектеседі. Соның негізінде әр науқасқа жеке бейімделген мРНҚ вакциналарын әзірлеу үшін қажет нысаналар таңдалады. Мұндай вакциналар иммун жүйесіне науқастың ағзасындағы қатерлі ісік жасушаларын танып, оларды жоюға көмектесе алады.

Диабетті, семіздікті, жүрек-қан тамырлары және нейродегенератив ауруларды зерттеуде де осындай мүмкіндіктерге жол ашылды.

Алайда бір маңызды жайтты ұмытпау керек: алгоритм ұсынған болжам қаншалық сенімді көрінсе де, оны тәжірибе жүзінде және клиникалық зерттеулер арқылы тексеру қажет. Жасанды интеллект ғалымды алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтеді.

Алмаз Шарман Қазақ тағамтану академиясының масс-спектрометрия зертханасы қызметкерлерімен бірге. Мұнда сынамалардың химиялық құрамы зерттеледі. Суретті Алмаз Шарман ұсынған

Зертханалардың жұмыс жүйесі де өзгеріп келеді. Алматыдағы зерттеуші мыңдаған шақырым қашықта орналасқан автоматтандырылған зертханамен бірлесіп жұмыс істей алады. Кейбір тәжірибелерді қашықтан ұйымдастырып, алынған деректі талдауға да мүмкіндік бар.

Бұл өз зертханаларымыз қажет емес деген сөз емес. Дегенмен мұндай тәсіл бірдей қымбат жабдықтарды бірнеше жерден сатып алуға кететін шығынды азайтады.

Қазақстан үшін ғалымдар бірлесіп пайдалана алатын ұлттық зерттеу орталықтарын құрудың келешегі зор. Мұндай орталықтар зерттеушілерге геномдық платформаларды, масс-спектрометрия жабдықтарын, биобанктерді, есептеу ресурстарын және халықаралық зертханалар желісін пайдалануға мүмкіндік берер еді.

Қазақстан жаңа медицина алаңына айнала алады 

Қазақстанның мынадай маңызды артықшылықтары бар:

  • медициналық ұйымдар желісі,
  • денсаулық сақтаудың цифрлық инфрақұрылымы,
  • халықтың этникалық және демографиялық әртүрлілігі,
  • эпидемиологиялық зерттеулер тәжірибесі,
  • дамып келе жатқан биомедициналық технологиялар.

Осы мүмкіндіктерді біріктірсек, Қазақстан медицина саласында соны технологиялық серпіліс жасай алады. Яғни басқа елдер жүріп өткен барлық кезеңді қайталамай-ақ, әр адамның ерекшелігіне бейімделген, аурудың алдын алуға және нақты дерекке негізделген медицинаға көшуге мүмкіндік бар.

Диабет пен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға арналған ұлттық бағдарлама іске қосылды деп елестетейік. Мыңдаған ерікті медициналық тексерістен өтеді. Олардың тамақтану ерекшеліктері, дене белсенділігі, дене құрамы, зат алмасу көрсеткіштері және қажет болған жағдайда молекулалық көрсеткіштері зерттеледі.

Жасанды интеллект осы деректер арасындағы заңдылықтарды анықтауға көмектеседі. Ал кейінгі клиникалық зерттеулер аурудың алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігін тексереді.

Нәтижесінде Қазақстан халқының ерекшеліктерін ескеретін, ғылыми тұрғыдан негізделген жеке профилактика әдістерін әзірлеуге болады.

Тағы бір болашағы зор бағыт - онкология. Молекулалық диагностиканы, зат алмасу зерттеулерін, тамақтану туралы ғылымды және клиникалық тәжірибені ұштастыру қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалту тәсілдерін жетілдіруге көмектеседі.

Әсіресе, қатерлі ісікке қарсы ем кезінде және одан кейін бұлшықет массасын сақтауға, зат алмасу бұзылыстарының алдын алуға, науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған зерттеулерге ерекше көңіл бөлу қажет.

Тағы бір маңызды сала - аутизм және жүйке жүйесі дамуындағы басқа да ерекшеліктер. Бұл бағытта неврология, генетика, психиатрия, тамақтану, мінез-құлықты түзету әдістері мен цифрлық технологияларды біріктіретін кешенді ғылыми бағдарламалар қажет.

Алайда осы мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін ғылыми кадрлар даярлау, деректі қорғау, биологиялық қауіпсіздік, құқықтық реттеу және энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешу керек. Сондай-ақ, шетелден әкелінетін медициналық технологиялар мен дәрі-дәрмекке тәуелділікті азайту маңызды.

Өткеннің соңынан ермей, болашақтың медицинасын құру

Қазақстанның Kyoto Vision for a Golden Age of Science халықаралық бастамасына қосылуы маңызды қадамға айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін мәлімдемелер нақты іске ұласып, медицина ғылымын ұйымдастыру мен қаржыландыру жүйесі өзгеруі керек.

Бізге икемді ғылыми зерттеу жүйесі қажет. Мұндай жүйеде іргелі ғылым ұзақ мерзімді қолдауға ие болып, жас ғалымдарға алғашқы гранттарын алуға мүмкіндік берілуге  тиіс. Ал батыл жобаларға ғылыми тәжірибе жасауға жағдай жасалуы керек. Өйткені тәжірибе сәтсіз аяқталуы бүкіл жоба сәтсіздікке ұшырағанын білдірмеуге тиіс.

Университеттерді, клиникаларды, ғылыми-зерттеу орталықтары мен технологиялық компанияларды нақты медициналық мәселелерді шешуге арналған ұлттық бағдарламалар төңірегінде біріктіру маңызды.

Ірі ауруханалар тек науқастарды емдейтін мекеме емес, клиникалық зерттеулер жүргізетін орталықтарға да айналуы керек. Сонда дәрігерлердің күнделікті тәжірибесінде кездесетін мәселелер ғылыми зерттеулерге негіз болып, олардың нәтижелері науқастардың игілігіне жарайды.

Сонымен қатар, ғылымның жетістігін тек жарияланған мақалалар мен игерілген грант қаражаты арқылы бағаламау қажет. Зерттеулердің сапасын, жаңа технологияларды, алдын алынған аурулар мен құтқарылған адам өмірін де ескеру керек.

Қазақстан қаржыландыру көлемі жағынан ғылымы дамыған жетекші елдермен бәсекелесе алмауы мүмкін. Бірақ заманауи технологиялар бізге басқа артықшылық береді. Жасанды интеллектіні, сапалы деректі, халықаралық ынтымақтастықты, ортақ зерттеу инфрақұрылымын пайдаланып, бірден ашық әрі тиімді биомедициналық зерттеу жүйесін құруға мүмкіндік бар.

Медицинаның алтын дәуірі жарлықтан басталмайды және ғылыми мақалалардың санымен өлшенбейді. Ол зертханаларда ашылған жаңалықтар адамдардың өмірін өзгерткен кезде басталады. Яғни қатерлі ісік алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықталып, диабет пен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндік туған кезде, сирек кездесетін аурулардың құпиясы ашылып, заманауи емдеу әдістері әр адамға қолжетімді болған кезде басталады.

Қазақстанға кешегі медицина ғылымын қуып жетудің қажеті жоқ. Бізде болашақтың медицинасын қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ал оның басты жетістігі есептер мен рейтингтер емес, азаматтарымыздың денсаулығы, өмір сапасы, өмір сүру ұзақтығы болуға тиіс.

Редакция пікірі автордың көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Автор туралы: Алмаз Шарман - Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі. Биомедицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласының маманы.
Жарнама
Жарнама
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу