Ол ауыл тұрғындарын батпақ пен жолсыздыққа қарамастан емдеп, көлік ішінде босандырып алып, қараусыз қалған аурухана жұмысын "жандандырған".
Жақсыбала Нұрғалиева бүгінде Ақтөбеде дәрігер болып жұмысын жалғастырып келеді.
79 жастағы кейіпкеріміз бау-бақша күтімімен айналысады, киімдерін өзі тігеді, қалпақ жинайды және биік өкшелі аяқкиіммен жүреді. Tengri Health тілшісі ерекше жанмен кездесіп, оның өмір жолын біліп қайтты.
Ақ халатты арман
Жақсыбала Нұрғалиеваның жасына немесе тағдырына шағымданғанын елестету қиын. Ол қазірдің өзінде қозғалыссыз өмірді білмейді. Біз кездескенде ол маған бақшасын көрсетті - қазанда да ол жерде істейтін шаруа тауып алады. Ал үйінде оның қалпақтар топтамасын көрсетуін сұрап, биік өкшелі аяқкиімдер тұрған сөренің қасынан өтіп кете алмадым.
Бірақ алдымен біз өміріндегі басты ісі - мамандығы туралы сөйлестік.
Жақсыбала Нұрғалиеваның ауылдағы ондаған жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар. Бұл ең алдымен өз күшіңе ғана сенуге тура келетін ауыр жұмыс еді. Соған қарамастан, ол отбасын, шаруашылығын және бақшасын қатар алып жүре алды.
"Мен бала кезімнен медицинаға түсуді армандадым. Ақтөбедегі медицина институтына қарама-қарсы орналасқан 11-мектепте оқыдым. Сабаққа бара жатқанда және қайтқанда ақ халатты студенттерге әрдайым назар аударатынмын - бұл өте қызықты әрі тартымды көрінетін. Мен де солар сияқты болғым келді", - деп еске алады Жақсыбала Бисембайқызы.
1967 жылы мектепті бітіргеннен кейін Жақсыбала Ақтөбе медицина институтына құжат тапсырады. Бірақ бірінші талпыныстан оқуға түсе алмайды. Екінші ретте де жолы болмайды. Оның орнында көптеген адам басқа жолды таңдауы мүмкін еді, бірақ ол дайындалуын тоқтатпай, емтиханға қайта барды.
Жақсыбала Нұрғалиева (төменгі қатарда сол жақта) жас кезінде. Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
Жақсыбала Нұрғалиева қазірге дейін қабылдау комиссиясында отырған кафедра меңгерушісінің есімін ұмытпаған - оның аты Софья Наумовна Гордина. Ол талпынысы жоғары қызға: "Сен мектеп материалын өте жақсы білесің, бірақ көкжиегіңді кеңейтуің керек, қосымша әдебиет оқып, бұдан да жақсы дайындал", - деп кеңес береді.
"Мен дәл солай істедім. Нәтижесінде үшінші талпыныстан оқуға түсіп, 1975 жылы институтты бітірдім. Оқуды аяқтаған соң жұмысқа кірістім - содан бері медицинадан кеткен емеспін", - дейді дәрігер.
Жедел жәрдемнің орнына трактор және көлікте босандыру
Алғашқы үлкен сынақ Хромтау ауданындағы Мағаджан совхозының (қазіргі Табантал ауылы) ауылдық ауруханасындағы жұмыс болды. Жақсыбала ол жерге дәрігер болып барғанда, аурухана ғимаратының мүшкіл халде болғаны сонша, бас дәрігер одан алдын ала былай деп сұраған:
"Сен аурухананың ішіне кірдің бе? Пациенттерді қай жерде қабылдайтыныңды көрдің бе? Қашып кетпейсің бе?"
Тозған қабырға, ғимаратқа кірмей жатып сезілетін жағымсыз иіс - мұның бәрі өте қолайсыз көрінетін.
Бірақ кейіпкеріміз мұндай қиындықтан қаймығатындар қатарынан емес. Ол совхоз директорына барып, аурухананы ретке келтіруді сұрайды. Басында директор жас маманға күмәнмен қарап: "Бізге талай дәрігер келген, көп болса екі жыл шыдайды, сосын бәрін тастап кетеді", - дейді.
"Егер кем дегенде бес-алты жыл қалсаң, онда көмектесемін".
Жақсыбала уәдесін берді, совхоз директоры да сөзінде тұрды. Ғимарат жөнделіп, қабырғасы сырланды, иісі кетіп, әжетхана салынды.
"Кейін аурухана айналасына да кезек жетті: 140 түп ағаш егіп, екі демалыс күркесін орнаттық. Аурухана мүлдем басқаша - әдемі, жайлы болып шыға келді. Бәрі дән риза болып, алғысын айтты", - деп еске алды дәрігер.
Ол бес-алты жыл емес, 30 жылға жуық уақыт сол жерде қалды. Жергілікті аурухананың бас дәрігері болып, аудандағы бес бірдей ферма тұрғындарының денсаулығына жауапты болды.
"Бұл уақыт көзді ашып-жұмғанша, байқалмай өте шықты", - дейді Жақсыбала.
Бас дәрігердің қарамағында педиатр, акушер және төрт санитар болды. Барлығының мойнына үлкен жауапкершілік жүктелді.
Жақында Жақсыбала Нұрғалиева көпжылдық еңбегі үшін медаль алды. Фото: © Tengrinews.kz
Қашықтық, дұрыс жолдардың болмауы және құрал-жабдықтардың тапшылығы оның дәрігерлік тәжірибесін қалалық емханадағы үйреншікті қабылдаудан мүлдем басқаша қылды. Жаңбыр мен батпақ кезде науқасқа жету кейде диагноз қоюдан да қиынға соғатын. Кәдімгі көлік бұзылған жолмен әрдайым жүре алмайтын, ал науқастарға қажет болатын шұғыл көмекті ауа райы түзелгенше кейінге қалдыру мүмкін емес еді.
"Ауылдағы жұмыс өте ауыр. Негізінде жұмыс күні белгіленбеген: сені түнгі сағат екіде де, үште де оятуы мүмкін. Шұғыл шақыртудан үйге жаңа келгеніңде, таңғы алтыда: "бала ауырып қалды, қабылдаңызшы" деп телефон соғады - сен бас тарта алмайсың", - дейді дәрігер.
Кейде батпақта фермадағы науқастарға үлкен К-700 тракторымен жетуге тура келетін, бірақ көбіне көрші ауылдардағы шақыртуларға көлікпен асығатын. Небір жағдай бастан өтті.
"Бірде көліктің ішінде босандырып алуға тура келді. Сәби дүниеге келді, кіндігін кесіп, анасы мен баланы Ақтөбедегі перзентханаға жеткіздік", - дейді дәрігер.
Жағдайы ауыр және шұғыл науқастарды 60 шақырым жердегі Ақтөбе облыстық ауруханасына тасымалдайтын, ал аудандық аурухана одан да алыс - жүз шақырымнан астам жерде болатын.
Кейіпкеріміздің үйінде мамандығына арналған бұрыш бар. Фото: © Tengrinews.kz
Ауылдағы тәжірибеде небір оқиға болғанын көріп отырмыз. Бірақ ең қиын жағдайда да дәрігер жол таба білетін.
"Бірде күрделі жағдай болды: мотоцикл мінген жас жігіт пен қыз шұңқырға түсіп кетіпті. Артында отырған қыз құлап, басын соғып, есінен айырылды. Оны қалаға өз бетімізше апару қауіпті еді - Ақтөбеден көмек шақырдық. Травматологтар келіп, жағдайын тұрақтандырып, қызды облыстық аурухананың жансақтау бөліміне алып кетті", - деп бөлісті ол.
Жалақыға - нан, сүт пен ет өзімізден
Қиын жағдайда ғана емес, ел үшін күрделі кезеңде де жұмыс істеуге тура келді. Жалақы аз болатын, кейде медицина қызметкерлеріне ақшаның орнына заттай төлейтін.
Кейбір әріптестері мамандықтан кетіп жатты, бірақ Жақсыбала қалды. Шаруашылығы көмектесті: үйде сүт пен ет болды.
"Жалақымыз өте күлкілі еді. Нанға ғана жететін шығар. Бізге ақшаның орнына киім-кешек, ыдыс-аяқ ұсынды, кәмпитпен де берді. Көбі медицинаны тастап, коммерцияға кетті. Ал бізге ауылда сәл жеңілдеу болды - өз сүтіміз бен етіміз бар. Бізді сол аман алып қалды. Мен мамандығымды қатты жақсы көрдім, кету туралы ой да болған жоқ", - дейді Жақсыбала Нұрғалиева.
Шаруашылық - ауруханадан кейінгі екінші ауысым еді. Жақсыбала күйеуімен бірге сиыр ұстады - бір кездері бесеу болған. Малды азықтандыру, сауу, сүтін өңдеу, қаймақ, май, сүзбе мен ірімшік дайындау керек еді. Мұның бәрін өздері істейтін.
Жақсыбала Нұрғалиева қазір де бақшада уақыт өткізгенді ұнатады. Фото: © Tengrinews.kz
"Сиыр сауу мен үшін үлкен ләззат болатын. Басында білмесем де, үйреніп алған соң ұнап кетті. Сиырдың тілін табу керек еді. Күйеуім қасымда тұрып шыбынын қуып беретін, алдына бір тегене дән қоятын, сонда ол тыныш сауғызатын", - дейді ол.
Сүт көп болатын - күніне екі шелекке дейін. Осы тұста дәрігерге сүт тарту, қаймақ, май, сүзбе жасаудың қыр-сырын меңгеруге тура келді.
"Кейін ірімшік жасауды да үйрендім. Оған табиғи сары май, аздап сода қосатынбыз - сонда ол сап-сары, көпіршікті, өте әдемі болып шығатын", - деп жымияды.
Кішкентай ірімшік кесегінен де сұлулықты көре білу - кейіпкеріміздің тағы бір ерекше қыры.
Ауылдағы бірінші сәнқой
Медицина мен шаруашылықты қатар алып жүріп, Жақсыбала тағы бір сүйікті ісі - тігіншілікке уақыт таба білді. Ол заманда әдемі киім сатып алу оңай емес еді. Ол киім үлгілерін өзі ойлап тауып, не киетінін өзі шешетін.
Дәрігер қазір де киімдерін өзі тігеді. Фото: © Tengrinews.kz
Сол жылдары танымал болған "Крестьянка" және "Работница" журналдары идея көзіне айналды. Соларды жаздырып алып, киім үлгілерін қарап, ұнағанын белгілеп, мата сатып алып, өзі тігетін.
"Иә, қалада тұрмасақ та, мен әрқашан талғаммен киінуге тырысатынмын. Ауылдастарым менің киімдеріме таңғалатын", - деп күледі дәрігер.
Бүгінде оның әдемі киімге деген құштарлығы жоғалған жоқ. Бойы 147 сантиметр болса да, Жақсыбала Нұрғалиева тек биік өкшелі аяқкиім киеді және қызықты образдарды таңдағанды жақсы көреді.
Ол үшін талғампаздық - жасты жасыру емес, өзіне қарау және өмірге қуану әдеті.
Жақсыбала Нұрғалиеваның қалпақтар топтамасы. Фото: © Tengrinews.kz
Сонымен қатар кейіпкеріміз бас киім жинайды. Біз фотосессия үшін шағын сән көрсетілімін де ұйымдастырдық - Жақсыбала Бисембайқызы шкафтан қалпақтары мен көйлектерін шығарып, ықыласпен көрсетті.
Ал мен аяқкиім сөресіне еріксіз назар аудардым - мұнда туфлидің небір түрі бар және бәрі платформа немесе биік өкшелі. Тек осындай аяқкиіммен жүру әдетіне кейіпкеріміз 79 жасында да адал. Басқаша жүре алмайтынын айтады.
79 жаста да тек платформа мен биік өкшелі аяқкиім киеді. Фото: © Tengrinews.kz
Қалаға - қызы үшін, емханаға - науқастар үшін
2000-жылдардың басында Жақсыбала Нұрғалиева отбасымен бірге Хромтау ауданынан Ақтөбеге көшіп келді. Бәрі қызы үшін жасалды. Сол кезде қызы тоғызыншы сыныпты бітірген еді, ата-анасы оның жақсы білім алғанын қалады.
Отбасы ауылдағы малын сатып, қаладан жер телімін алды да, үй сала бастады. Тәжірибелі дәрігерге жұмыс та бірден табылды. Жақсыбала төртінші қалалық емханаға терапевт болып орналасты, кейін Алматыда қайта даярлаудан өтіп, кәсіптік патолог мамандығын меңгерді. Бұл - зиянды еңбек жағдайларынан туындайтын кәсіби ауруларды диагностикалаумен, емдеумен және алдын алумен айналысатын дәрігер.
Ол әртүрлі жерде қызмет етті, бірақ кейінгі 10 жылдан аса уақыт бойы Ақтөбедегі жеке клиникалардың бірінде емделушілерді қабылдап келеді. Ауылда отыз жыл жұмыс істегеннен кейін, қалалық медицина Жақсыбала Бисембайқызына әлдеқайда тыныш көрінген, бірақ тынымсыз еңбек ету әдеті ешқайда кетпеді. Ол өзін медицинасыз елестете алмайды және демалысқа шығуға асығар емес.
Шаршамаймын дейді. Оның сыры неде?
"Бәрі қарапайым: жұбайым екеуміз кешкі онда жатуға, ал таңертең алтыда немесе алты жарымда тұруға тырысамыз. Дұрыс тамақтанамыз. Мұндай режим қуат береді, еңбекке қабілеттілікті арттырып, көңіл-күйді жақсартады. Сондықтан клиникада шаршамаймын - онда жұмыс істеу маған ләззат сыйлайды. Ал үйде... Алдымен ас үйде болып, сосын бақшаға шығамын - бір жерді суарып, бір жерді қопсытып, бәрін ретке келтіремін", - дейді кейіпкеріміз.
Ковид және онкологиядан кейінгі оралу
Жылдар өткен сайын оның денсаулығы да сыналды. 2020 жылы кейіпкеріміз коронавирус жұқтырды.
"2020 жылдың шілдесінде медициналық тексеруден өтетін пациенттер өте көп болды. 500-ге жуық адам келді, шамасы, солардың арасында ковидпен ауырғандар болса керек. Мен жұқтырып алдым. Басында үйде емделдім, бірақ жағдайым жақсармады. Рентгенге түссем, пневмония басталып кетіпті. Мені стационарға жатқызды, ауруды ауыр өткердім, реанимацияға түстім, бірақ аман қалдым", - деп еске алады Жақсыбала Нұрғалиева.
Жақында оған тағы бір сынақты бастан өткеруге тура келді - онкологиялық ауруға байланысты сүт безіне ота жасалды. Десе де, ол бұл кезең туралы сабырмен әңгімелейді: Жақсыбаланың өзінен гөрі туған-туыстары көбірек уайымдаған сияқты.
Жақсыбала Нұрғалиева. Фото: © Tengrinews.kz
Оның айтуынша, отадан кейінгі кезең ең қиыны болған, бірақ сол кезде де ол өзін күтіп жүрген пациенттерін ойлаған.
"Туыстарым, балаларым уайымдады, мен оларды жұбаттым. Отаға алып бара жатқанда да оларға: "Бәрі жақсы болады, бәрі жақсы болады" деумен болдым. Пациенттер де менің ауырып қалғанымды естігенде: "Енді не істейміз?" деп мазасызданды. Мен шамамен он күннен кейін оралатынымды айттым. Солай болды да: оныншы күні ауруханадан шықтым, ал он бірінші күні қабылдауға шығып кеттім", - дейді ол жымиып.
Бастысы - немерелердің өскенін көру
Қазір Жақсыбала Нұрғалиева бақша жұмыстарына да, тігін тігуге де үлгереді, сондай-ақ өз пациенттерімен қатар күйеуінің де денсаулығын жіті қадағалап отырады.
"Ауруханада жатқанда өзім үшін емес, күйеуім үшін уайымдадым - оның артериялық гипертензиясы бар, сондықтан денсаулығын қатаң бақылаймын, дәрілерін уақытылы беремін, мамандарға қаратып тұрамын", - дейді ол.
Ерлі-зайыптының төрт баласы бар: үш қыз және бір ұл. Олар баяғыда есейген, әрқайсысының өз отбасы мен шаруасы бар, бірақ ананың балаға деген уайымы жас ұлғайған сайын басылмайды.
"Әрине, балаларым үшін де алаңдаймын. Үлкен немеремнің жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұрғанын күтемін, тойында қыдырып үлгергім келеді. Кенже қызымның балалары әлі кішкентай. Олардың ер жеткенін көрсем деймін. Балаларым мен немерелерімнің бақытты сәттерін бөліскім келеді. Ең бастысы осы", - дейді Жақсыбала Бисембайқызы.
Бұл жүзі жылы әйелдің өмірінде тоқтап қалуға, тіпті бәрінен бас тартуға болатын сәттер аз болмады, бірақ Жақсыбала Нұрғалиева әр кез өзінің үйреншікті ісіне - ауруханаға, бақшасына, отбасына оралып отырды. Оның басты сыры да осында сияқты: жеңіл болатын күнді күтпей, қолыңнан келетін және жақсы көретін ісіңді жалғастыра беру керек.
Тағы оқыңыз: “Нағыз сиқыр“. Мыңдаған қазақстандық әйелді босандырған дәрігерді не таңғалдырады?
Авторы: Алдияр Көсенов
Дайындаған: Айнұр Қапышова