Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері қайтыс болғаннан кейін ондағы жағдайды бақылап отыр. Аса қауіпті инфекция таралуы мүмкін деген хабарламаға байланысты шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан ДСМ не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігі Иркутск облысындағы жағдайды қадағалап отырғанын хабарлады. Онда обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері қайтыс болғаннан кейін 197 адам медициналық бақылауға алынған.
ДСМ Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда екенін, сондай-ақ алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде екенін хабарлады.
"Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланады", - деп хабарлады министрлік.
Қазір мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Министрлік мәліметінше, көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ.
Сапардан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда қазақстандықтарға медициналық көмекке уақтылы жүгініп, дәрігерге қайда болғанын және қашан келгенін хабарлауға кеңес беріледі.
28 жастағы әйелдің өлімі туралы не белгілі?
2 қазанға қараған түні Шелехов аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде 28 жастағы Дарья Шипилова қайтыс болды. Ол Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп, қауіпті патогендерді зерттеумен айналысқан.
Ресейлік мамандар ол инфекцияны қалай жұқтыруы мүмкін екенін анықтап жатыр.
"Люди Байкала" басылымының мәліметінше, 25 қыркүйекте ол зертханада тірі биоматериалмен жұмыс істеу кезінде байқаусызда ішінде Yersinia pestis - оба қоздырғышы бар пробирканы сындырып алған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Осыдан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ол Шелехов аудандық ауруханасына жатқызылды.
Бастапқыда зертханадағы оқиғадан хабарсыз болған дәрігерлер коронавирус инфекциясының ауыр түрі деп болжаған, деп жазады Euronews. Кейін науқастың жағдайы күрт нашарлай бастағандықтан, дәрігерлер аса қауіпті инфекцияларға экспресс-тест жүргізді.
Әйел өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Обаға қарсы институт қызметкері неден қайтыс болды?
Қазір Иркутск облысы мен Ресейдің өзге де аймақтарының тұрғындары өкпе обасы өршуі мүмкін деген қауесетке алаңдаулы.
4 қазанда Роспотребнадзор "АиФ-Иркутск" басылымына Иркутск облысында, Иркутск және Шелехов қалаларында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Сонымен қатар өңірде оба ауруы тіркелген жоқ.
Ведомство мәліметінше, әйелдің өліміне "этиологиясы анықталмаған пневмония" себеп болған.
Ресейлік мамандар эпидемиологиялық зерттеуді жалғастырып жатыр. Олар инфекцияның көзі мен жұқтыру жағдайларын анықтайды.
Оқиғаға байланысты қайтыс болған әйелмен байланыста болуы мүмкін 197 адам медициналық бақылауға алынды.
Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталмаған, ал зертханалық зерттеулердің нәтижесі теріс болды.
Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Таиландтағы "егеуқұйрық безгегі" туралы хабарланған болатын. Бұл елде нөсер мен су тасқыны салдарынан лептоспироз инфекциясының таралу қаупі артты. Соңғы мәліметтер бойынша, онда 3 303 сырқаттану жағдайы тіркеліп, 46 адам қайтыс болған.